Алматыда көлікті реформалау аясында қаланың қоғамдық көлігін жаңарту одан әрі жалғасуда. Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек жеке тасымалдаушылар алған жаңа автобустарды көрді.
«Алмагүл» елді мекені мен метроның «Райымбек бекеті арасын жалғастыратын №98 бағыт бойынша «City-BUS» жеке тасымалдаушы «МАЗ» маркалы әрі Евро-5 эколгиялық сыныбына сай, төмен еденді 15 автобус сатып алды. Автобустардың сыйымдылығы үлкен, кондиционерлермен жабдықталған және кузовы иілмелі. Жақын күндері Алматыға осындай тағы 35 автобус жеткізіледі.
Өз кезегінде №2 автобус паркі №67 бағыт бойынша қызмет көрсету үшін 17 төмен еденді автобустар алған еді, енді тағы екі бағыттың жылжымалы составын жаңарту жоспарлануда.
«Біз жолаушыларды сонау 90-шы жылдардағы ескі көліктермен тасымалдап келдік.Адамдар үнемі реніш білдіретін. Бағыттарды субсидиялау арқасында біз автобустарды жаңартып, жиілікті 100%-ға қамтамасыз етудеміз әрі жүргізушілердің айлығын 240 мың теңгеге дейін көтердік», - деді компания директоры Шамиль Нуриев.