«Алматы қ. қоғамдық көліктері» ресми интернет-ресурс
Сенбі, 27 сәуір 2024

Алматыда екінші ОҢАЙ! қызмет көрсету орталығы ашылды

Алматы қаласының тұрғындары мен жолаушылар өтініші бойынша, Алматы қ. Көлік холдингі 2017 жылдың 2-қазанында екінші ОҢАЙ! қызмет көрсету орталығын ашты

Бұдан былай ОҢАЙ! қолданушылары, картаның жоғалып, бұғатталып, не болмаса механикалық зақымдалуы салдарынан, картаны қайта шығару үшін, Абылай хан, 3А мекенжайына келіп, тиісті қызмет түрін алуларына болады. Екінші ОҢАЙ! қызмет көрсету орталығында 12 оператор, 2 кеңесші, 3 кассир және менеджер мамандары таңертеңгі сағат 10.00 мен кешкі 19.00 аралығында қызмет көрсетеді.  

Жаңа қызмет көрсету орталығының ашылу рәсіміне Алматы қаласының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары Басқармасының жетекшісі Исахов Мақсұт Пернебайұлы қатысты.

Екінші қызмет көрсету орталығы Алматы қ. тұрғындарына көрсететін қызмет түрі өзгеріссіз қалады: жоғалып, бұғатталып, не болмаса зақымдалған ОҢАЙ! карталарын қайта шығару,  жоғалған  картадағы соманы аудару және кері қайтару, бірыңғай ОҢАЙ! карталарын сату, теңгерімді толтыру, айлық жол жүру абонементін сатып алу, сондай-ақ, Алматы облысының мектеп оқушылары үшін ОҢАЙ! картасының бірінші шығарылымы қызметтері енгізілген.  

Жеңілдігі бар ОҢАЙ! карталарын қайта шығару ісі төрт кезеңнен тұрады және 15-20 минут уақытты алады: электронды кезек талонын алу, жеңілдікке ие болу құқығын растау үшін, қызмет көрсету орталығының операторынан кеңес алу, картаны қайта шығару арызын рәсімдеу, қайта шығару ақысын касса арқылы төлеп, дайын болған картаны алу.

«ОҢАЙ! карталарының сараланған тарифі енгізілген уақыттан бастап, сондай-ақ, жаңа оқу жылы басталғандықтан, тамыз және қыркүйек айларында ОҢАЙ! қызмет көрсету орталығына келетін қолданушылар саны артты. Осы уақыт аралығында біз 13 788 адамға қызмет көрсеттік. Арыздың 90% көбі жоғалған карталарды қайта шығарумен байланысты. Сондықтан, Алматы тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, екінші орталық ашу қажет деген ұйғарымға келдік. Екі орталық бірлесе отырып, күн сайын 900  адамға қызмет көрсете алады», - деп, атап өтті «Алматы қ. Көлік холдингі» ЖШС директоры Садир Хамраев.